«Ақжайық» футбол орталығы жас ойыншыларды іріктеуден өткізді

 

«Ақжайық» стадионында футбол клубының орталығына жас ойыншыларды іріктеу өтті. Оған облыс орталығы мен барлық аудандардан және Ақтөбе облысынан 497 жас жеткіншек келді. Әсіресе, Теректі, Бөрлі, Сырым, Шыңғырлау сияқты аудандардан келген балалар саны басқа аудандарға қарағанда көп болды. 2002-2009 жылдар аралығында туған жас футболшылардың қарым-қабілеттері қаралып, ең үздіктері команда сапына алынатын болғандықтан, әр бала бапкерлер көзіне түсу үшін барын салды. Жүгіру, допты игеру, ұзындыққа секіру сияқты жаттығуларды орындап, футболшы болуға дайын екенін көрсете алған 98 жеткіншек команда сапына алынды.

Футбол орталығының жетекшісі Виктор Каблов пен 14  бапкер әр баланың қабілетін жіті қадағалап, іріктеуді үлкен жауапкершілікпен өткізді. Бала саны көп болған 2005, 2007 жылғы жас футболшылар тестілеудің бірнеше кезеңінен өтті.  2007 жылғы жеткіншектер арасынан әзірге 36 бала алынды. Алдағы күндері бұл жастағы ойыншылар іріктеудің тағы бір сатысынан өтетін болады.

776 жас футболшы жаттығатын «Ақжайық» ФК-ның футбол орталығының филиалдары Сырым, Теректі, Бөрлі, Бөкей Ордасы аудандарында жұмыс жасайды. Болашақта клуб басшылығы жас футболшылар санын 856-ға жеткізбек ниетте. Сондай-ақ өңіріміздің басқа аудандарында да футбол үйірмелерін ашу жоспарлануда.

2013 жылдың ақпан айында құрылған футбол орталығының басты мақсаты – спортпен тұрақты шұғылданатын жастар санын арттырып, негізгі команда мен әр жастағы ел құрамаларына ойыншы дайындау. «Ақжайық» футбол орталығы жаттығатын ойыншылар саны жағынан басқа өңірлердегі орталықтардан әлдеқайда алда. Тіпті Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларда орналасқан футбол орталықтары да осынша көп баланы футболға тарта алмай отыр. Бұл – Орал ғана емес, облыс футболын дамытуда жасалып жатқан үлкен іс.

 

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметі

Какую позицию нужно усилить "Акжайыку" перед третьим кругом чемпионата?