«Ақжайық» македониялық клубпен тең ойнады

 «Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, тартысты өткен матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Оралдықтар қаралымға келген ойыншының көмегімен есеп ашқанымен, сол көрсеткішті сақтап тұра алмады. Команданың бас бапкері, украиналық маман Сергей Зайцевтің айтуынша, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, футболшылар өз өнерлерін барынша көрсетіп бақты. Солардың ішінде жас ойыншылар да алаңға шықты. «Гол соғатын мүмкіндіктер аз болған жоқ. Дегенмен бүгін жарақатынан жаңа айығып, қатарға қосылған футболшылар көбірек ойнады. Ең бастысы, олар қайсарлықтарын көрсете білді. Алда жолдастық екі кездесу бар. Сол матчтарда футболшылардың шама-шарқын байқап көреміз. Содан кейін премьер-лигаға қайта оралуды мақсат етіп отырған біз чемпионатқа тастүйін дайындықпен барамыз деп ойлаймыз», деді С.Зайцев. Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» премьер-лигада ойнайтын Павлодардың «Ертісін» ұтқанын жазған болатынбыз. Жуырда батысқазақстандық клубқа жаңадан екі ойыншы алынды. Оралдықтар 2 наурызда «Гомель» (Беларусь), 6-сында «Днепр» (Украина) командаларымен ойнайды.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/futbol-akzhayyk-makedoniyalyk-klubpen-ten-oynady_a3503230

Какую позицию нужно усилить "Акжайыку" перед третьим кругом чемпионата?