Сырт алаңдағы маңызды жеңіс.

 "Ақжайық" ел біріншілігіндегі кезекті матчын Шымкентте жергілікті "Академия Оңтүстік" командасына қарсы өткізді. Енді қалған ойындарда ұпай жоғалтса, жағдай қиындай түсетінін жете түсінген оралдықтар қарсыластарын бірден тықсырды. Дегенмен, алаң иелерінің қорғанысы сыр бермеді. Тіпті қарсы шабуылдарға шығып, Авакянц командасын артқа қарайлап ойнауға мәжбүрледі. Осындай қарсы шабуылдардың бірінде бұрыштама тебуге мүмкіндік алған шымкенттіктер "Ақжайық" қорғанысының осал тұсын тауып, есеп ашты. Өздеріне қажетті голын соққан соң қорғанысқа жатып алған "Академия Оңтүстік" қарсыластарының шабуылдарын тамаша қайтарып, бірінші таймды өз пайдаларына аяқтады.

Екінші таймда команда тактикасына өзгерту енгізген бас бапкер Артур Авакянц шабуылға Роман Павиничті қосты. Маусым басынан бері жолы болмай жүрген шабуылшы барын салды. Романның жылдам қимылдары өз нәтижесін берді. Алдымен сол қапталдан көтерілген допты қарсылас қақпасына қадаған Роман Павинич есепті теңестірді. Бұнымен тоқтамаған Павинич матч аяқталуға бес минут қалғанда бұрыштамадан көтерілген допқа басқадан бұрын жетіп, командасына жеңіс сыйлады.
Шымкенттен үш ұпай еншілеп қайтқан "Ақжайық" турнир кестесіндегі орнын сақтап қалды. Енді келесі матчын өз алаңында 20 қазан күні өткізеді. Қарсылас "Байқоңыр".