Басты жоспарым «Ақжайықпен» Премьер Лигаға шығу. Дәуренбек Тәжімбетов.

 Басты жоспарым «Ақжайықпен» Премьер Лигаға шығу. Дәуренбек Тәжімбетов.


Қазақ футболы жанкүйерлеріне жақын таныс Дәуренбек Тәжімбетов осы күні «Ақжайық» сапында доп теуіп жүр.

Клуб баспасөз қызметіне берген сұхбатында Оралдағы өмірі мен алдағы жоспарлары және қазақ футболы туралы сыр шертті.

-Елімізде көптеген клубтарда доп тептіңіз. Көп бапкердің тәлімін көрдіңіз. Барлық бапкерлердің ішінде кімді ерекше бағалайсыз?

-Ия. Футболшы мансабымда көптеген бапкерлердің алдын көрдім. Барлығының орны екекше. Әр бапкерден үйренгенім көп. Десе де Виктор Кумыков, Сергей Гороховодатский және Саулюс Ширмялис сынды бапкерлерді ерекше бағалаймын. Олардың футболшымен түсінісуі және жеке адами қасиеттері де ерекше.

-Қазақ футболына қызығатын жанкүйер үшін таңсық жан емессіз. Оралда не басқа қалаларда танып, қолтаңба не суретке түсу туралы өтініштер болып тұра ма?

-Ия. Ондай жағдайлар болып тұрады. Мүмкіндігімше жанкүйерлердің көңілін қалдырмауға тырысамын.

-Сіз үшін Оралдағы ең әдемі жер? Бос уақытыңызды қай жерде өткізесіз?

-Орал қашан да өзінің табиғатымен баураған. Әдемі жерлер өте көп. Өз басым Карьерге барып суға шомылғанды, орталық саябақта жанұяммен қыдырғанды және Сити центрге барғанды ұнатамын.

-Биылғы маусымдағы ең үздік матчыңыз қай ойын?

-Биылғы маусымда еске алып жүрер қызықты ойындар көп болды. Өзім үшін «Шахтер-Болатқа» қарсы матч ерекше. 0-2 есебімен жеңіліп жатып, 3-2 етіп жеңіп кеттік.

Мен сол ойында екі гол соғып, таразы басын теңестіргем. Матч аяқталар тұста Арман Смаилов жеңіс голын соқты. Ондай матчтар ұмытылмайды.

-Неше жасқа дейін футболда боласыз?

-Мәселе жаста емес. Ең бастысы денсаулық. Футбол - менің сүйікті ісім.

Денің сау болса, сүйікті ісіңмен айналыса бергенге не жетсін.

-Мансабыңызды аяқтаған соң бапкерлікке ауысасыз ба? Әлде мүлдем басқа салаға кетесіз бе?

-Оны ойлау әлі ерте. Мүмкін бапкер болармын. Футболда алдын ала бірдеңені кесіп айту қиын. Сондықтан ол жағын көп ойламаймын.

Қазіргі сәттегі басты жоспарым «Ақжайық» клубымен Премьер Лигаға шығу.

Бұл менің ғана емес, бапкеріміз Артур Авакянц және барша команданың мақсаты.

-Сіздің ең басты жанкүйеріңіз?

-Ең басты жанкүйерім тілеуімді тілеп, үйде отырған анам мен құдай қосқан қосағым.

-Биыл бірінші лигада 4 команда (Каспий, Алтай, Қызылжар, Ақжайық) ерекше қарқын алды. Ең бастысы қай клуб?

-Биылғы жылы берілетін екі жолдамаға таластып жатқан төрт клубтың шайқасы кей сәттерде Премьер Лига ойындарынан да қызығырақ.

«Каспий» болсын, «Алтай» болсын, «Қызылжар» болсын тарихы бар, мақсаттары айқын, құрамы мықты клубтар.

Бірақ, «Ақжайық» олардан еш кем емес. Тіпті артық. Мұнда ойыншыларға барлық жағдай қарастырылған.

-Көп футболшының лақап аты болады. Сіздікі кім?

-Мені командаластарым Даур немесе Тажик деп атайды.

-Әңгімені ел футболына қарай бұрсақ. Алда ұлттық құрама ойындары келеді. Кипр және Ресей құрамаларымен ойында қанша ұпай ала аламыз?

-Екі матч та сырт алаңда өтеді. Ұпай таратқалы жүрген құрама жоқ. Екі ойын да қиынға соғады. Әсіресе Ресей мықты. Кипрден үш ұпай алуға болады деп ойлаймын.

-Соңғы кездегі басты жаңалық Еуропа Лигасының жеребесі. Бәрінің айтатыны - Манчестер Юнайтедтің Астанаға келетіні. Сіз үшін де бұл үлкен жаңалық па?

-Әрине бұл үлкен жаңалық. Манчестер Юнайтедтай клубтың «Астана Аренада» доп тебуі тарихи оқиға. Егер «Астана» ұпай алса, Қазақ елі үшін үлкен абырой болар еді.

-Қазақстандағы сүйікті қалаңыз.

-Отанымыздың әр қаласы өзінше әдемі. Ешқайсысын бөліп жармаймын.

-Үздік қазақстандық қорғаушы.

-Қазіргі таңдағы үздік қорғаушылар Юрий Логвиненко, Темірлан Ерланов және Александр Марочкин.

-Үздік қазақстандық шабуылшы.

-Қазір елімізде талантты шабуылшылар көптеп өсіп келеді. Ерекше көзге түсіп жүргендері Абат Айымбетов, Тоқтар Жанқылышбай және Оралхан Өміртаев.

-Ал, «Ақжайық» сапындағы жас ойыншылардың ішінде кімнің болашағынан зор үміт күтуге болады.

-Команда сапында жүрген әр жас өзін көрсете білуі керек. Өз басым Даниил Кочнев, Әділет Болатов және Наурызбек Жагоровтан үлкен үміт күтемін.
Олар талантты ойыншылар тек ерінбей еңбек етулері керек.

Сұхбатыңызға рахмет!